Ондаған жылдар бойы жылжымайтын мүлік саудасындағы ең тиімді мәмілелерді саралап, табысты еселеп өсіруде тәжірибе жинаған бұрынғы магнаттың бұл шешімі – оның "Алдымен – Америка" бағдарламасына негізделген сыртқы саясаттың көрінісі.
Трамп "сыртқы саясатқа араласу АҚШ-қа пайда келтіруі керек" деген ұстанымды бұрыннан қайталап келеді, ал қазір оның әкімшілігі Вашингтонның сыртқы көмек саясатын соған сәйкес құрып жатыр.
Трамптың бірінші президент кезеңінде құрылған DFC алты жыл ішінде порт, теміржол сияқты маңызды инфрақұрылым жобаларына 49 миллиард доллар бөлген. Көмектен айырмашылығы – мұнда қаржы тікелей қарыз, несие кепілі, акциялар пакеті не тәуекелдерді сақтандыру түрінде беріледі. Бұл жоба Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына қарсы бастама ретінде қарастырылады.
Қазір DFC АҚШ-тың сыртқы қаржы мәселесіндегі басты мекемесіне айналуға дайын, себебі Ақ үй қаржы бөлудегі өкілетін 60 миллиардтан 250 миллиард долларға дейін ұлғайтуға тырысып жатыр. Жаңа жоспар бойынша, DFC-ның ауқатты елдерде жұмыс істеуіне қойылған шектеулер алып тасталып, ол акционерлік капиталдан көбірек үлес ала алады, бұл кедей елдерге көмек беруді көздеген алғашқы мандатынан ойысатынын білдіреді.
Бұл мекеме қазірдің өзінде әкімшіліктегі негізгі бастамалардың бірінен басты орын алып үлгерді. Мамырда Украинамен арада сирек металдар бойынша келісімге қол қойғанда басты рөл ойнады. Смартфоннан бастап әскери ұшаққа дейінгі құралдарды жасау технологиясында үлкен сұранысқа ие бұл минералдар Трамп әкімшілігіндегі негізгі басымдыққа айналған. Ақ үй DFC-ді сирек минералдарды өндіру және өңдеуде басқалардың алдын орап кеткен Қытайды тежеудің басты құралы санайды.
Трамп әкімшілігіне DFC ұнайды, "себебі ол АҚШ-тың ақшасын әлемге инвестиция салу арқылы "долларды салып, одан қаржылай және стратегиялық пайдаға кенелу" идеясына сенетін адам үшін өте түсінікті мекеме", – деді сыртқы істер жөніндегі кеңестің ғылыми қызметкері Уильям Хенаган жақында бір подкаста.
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) кеңсесі алдындағы АҚШ пен осы ұйымның тулары. Вашингтон, 3 ақпан, 2025 жыл.
Мұның алдында Трамп үлкен бетбұрыс жасап, алпыс жыл бойы шетелге көмек таратып келген USAID-ті ресми түрде жапқан. Оның әкімшілігі USAID-ты тиімсіз әрі АҚШ мүддесіне қайшы жұмыс істейді деп сынаған, ал оның кей функцияларын мемлекеттік департамент атқара алады деген.
Кей сыншылар USAID қаржыландыратын кейбір әлеуметтік және мәдени бағдарламалар оның бастапқы миссиясына сай келмейді деген. Ақ үй "ақша шашу және мандатын асыра пайдалану" деп атаған жобалардың тізімін де жариялаған. Оның арасында Сербиядағы ЛГБТ ұйымына 1,5 миллион, Вьетнамдағы электромобильді дамытуға 2,5 миллион, Египеттегі туризмді дамытуға 6 миллион доллар бөлінген деген мысалдар бар.
Әкімшілік халықаралық даму агенттігін 1 шілдеде жауып, оның қалған гуманитарлық және денсаулық сақтау бағдарламаларын мемлекеттік департаментке өткізген. Бір кездері қос партияның да қолдауына ие болды деп көп мақталған Millennium Challenge Corporation (МСС) деген және бір даму мекемесі де көп қиындыққа кезікті. Әкімшілік МСС жасаған келісім-шарттардың барлығын дерлік кідіртіп, бұдан бұрын бекітілген 1,2 миллиард доллардың жобасын тоқтату туралы шешім шығарған.
Сенаттағы демократтар өткен айда жариялаған есепке сенсек, билікке келген бірінші айында Трамп шетелге көмек аясындағы 80 миллиард доллардың 7400 бағдарламасын тоқтатқан. Көмек тоқтаған жобалар арасында апат болған аймақтарға, денсаулық сақтауға көмек бағдарламалары да бар. Сенаттағы демократтардың айтуынша, қаржының тоқтауы АҚШ-тың жер-жаһандағы күш-қуатын азайтып, дамушы елдерде босап қалған кеңістікті Пекиннің толтыруына мүмкіндік береді (бұл көбіне "жұмсақ күш" деп аталады).
АҚШ көмегінің азаюы әлемдегі тенденцияның бір бөлігі іспетті. Хенаганның айтуынша, соңғы бірнеше жылда халықаралық дамуға бөлінетін қаржы көлемі 15-22 пайыз азайған. Батыс Еуропадағы бірнеше ел, соның ішінде Ұлыбритания қорғанысқа бөлінетін қаржыны ұлғайтып, есесіне көмек қаржыны азайтқан.
АҚШ-тағы Браун университетінің саясаттану профессоры Дженнифер Хэдденнің айтуынша, халықаралық көмектің арқасында ықпалды арттыруға болады деген пікірге қатысты сыни пікір де жылдар бойы ұлғайып келеді. Дегенмен ол USAID Трамп билікке келгеннен соң бірнеше айдың ішінде жабылады деп ойламаған.
"USAID-тың қысқаруы мен жабылу жылдамдығына, оның масштабына қарап таңқалғаным рас. USAID ондаған жылдар бойы қос партияның қолдауына ие болып келген еді", – деді ол Brown's Trending Global подкасына.
АҚШ-тың бастауымен жүзеге асқан аурулармен күрес бағдарламалары да қысқаруға ұшырады не тіпті жабылып қалды. Мәселен Эбола безгегі не дәріге төзімді туберкулездің шығу ошағын анықтап, оны жоюға арналған жобалар, АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан вакцинация бағдарламалары қысқарды. Денсаулық сақтау және гуманитарлық жәрдем саласындағы АҚШ-тың барлық бастамалары USAID-тан кеткенімен мемлекеттік департамент бақылауына өтті.
2024 қаржы жылында USAID 22 миллиард доллар жұмсаған, соның ішінде дағдарыстан жапа шеккен аймақтарға көрсетілетін көмек те бар. Кей сарапшылардың айтуынша, агенттік жұмысының тоқтауы аштық пен індетті өршітіп жіберуі мүмкін. Бұған жауап ретінде 70-тен астам қор биылғы грант көлемін арттыратынын мәлімдеді.
Бүкіл әлемдегі жобаларға қаржы құятын DFC Трамп жақтастары мен қарсыластарының жіті бақылауында болады. Себебі олар көлемі ұлғайған бұл мекеме USAID кеткеннен кейін әлсіреп қалған жұмсақ күштің орнын толтыра ала ма, жоқ па деген сұрақ маңызды болып тұр.