NYT: Дмитрий Козак Путинді соғысты доғаруға көндіруге тырысқан

Дмитрий Козак

Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Владимир Путиннің жақын серіктерінің бірі Дмитрий Козак жуырда Путинге Украинадағы соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөз бастау жайлы ұсыныс жасаған. The New York Times басылымы Кремльге жақын бірнеше дереккөзге сүйеніп, осылай деп жазды.

Олардың айтуынша, Козак Путинге соғыс іс-қимылдарын тоқтатуға қоса Ресейде ішкі реформалар жүргізуді де ұсынған. Атап айтқанда, ол күштік құрылымдарға бақылауды күшейту және тәуелсіз сот жүйесін құру қажеттігін айтқан.

Ұзақ уақыт бойы маңызды мемлекеттік жобалар мен өңірлерді қадағалаған Козак кейінгі кезде Кремльдегі ықпалын біртіндеп айырыла бастаған. Ол атқарған өкілеттіктердің көбі Украинаға байланысты қатаң ұстанымды қолдайтын және оккупацияланған аумақтарды басқаруға белсенді араласып жүрген Сергей Кириенкоға өткен. Соған қарамастан, Козак Украинадағы соғысқа жеке басы қарсы адам ретінде белгілі Ресейдің санаулы жоғары лауазымды тұлғаларының бірі болып қалып отыр.

Дереккөздер Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс ашпай тұрып-ақ Путинді ондай соғыстың қандай салдары болуы ықтимал екендігі жайлы, соның ішінде украин армиясы мен қоғамының қатаң қарсылығына тап болғатынын ескерткенін айтқан. Соғыс басталғаннан кейін ол бітім жөнінде келісуге тырысқан, алайда Путин оның ұсыныстарын қабылдамай тастаған. Соған қарамастан, Козак Путинге жолығу мүмкіндігінен айырылған жоқ және ол Батыс өкілдерімен бейресми байланыстарға қатысып келеді дейді дереккөздер.

Бұған қоса, Батыстағы дереккөздердің айтуынша, Козак өзі сөйлескен шетел өкілдерінен Путинді қазіргі бағытынан өзгертуге және соғысты тоқтатуға көндіруге көмектесетін уәждер мен ұсыныстар бар ма деп бірнеше рет сұрапты.

Сарапшылар Путиннің маңайында қатаң бағытты ұстанатындар басым болғандықтан, Кремль шешімдеріне Козактың ықпалы шектеулі деп есептейді. Әйткенмен, оның соғысты тоқтату жөніндегі үндеуі Ресей билігінде қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қолдайтын күштер бар екенін көрсетеді, деп жазады The New York Times.