Израиль Газа секторында әскери операцияның жаңа кезеңіне дайындалып жатыр. Оның мақсаты – АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының қалған екі тірек нүктесін бақылауға алу. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иерусалимде өткен баспасөз мәслихатында анклавтағы ең ірі елді мекен – Газа қаласын алу көзделіп отырғанын мәлімдеп, операцияны "өте қысқа мерзімде" аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл операция соғыс қимылдарының тоқтауына септесуі тиіс.
"Нақты мерзімдер туралы айтқым келмейді, бірақ өте қысқа уақыт жайлы сөз болып отыр, өйткені біз соғысты аяқтағымыз келеді", – деген Нетаньяхудың айтқанын келтірген Reuters агенттігі.
Өткен жұма күні Израиль билігі Газа секторындағы әскери кампанияны кеңейту жоспарын бекіткен. Бұл шешім ел ішінде де, шетелде де, соның ішінде бірқатар Еуропа мемлекеттері тарапынан да сынға ұшырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль құпия органдарының бұрынғы қызметкерлері Трамптан Газадағы соғысты аяқтауды өтіндіНетаньяху Израильдің "операцияны аяғына дейін жеткізіп", қаруын тастаудан бас тартып отырған "ХАМАС тобын күйретуге" ниетті екенін баса айтты. Бұған дейін ХАМАС басшылығы тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанға дейін қарудан бас тартпайтынын мәлімдеген еді.
Бұған қоса Нетаньяху әскери іс-қимылдармен қатар "гуманитарлық серпін" жасау – Газа халқына көмек жеткізуді арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл іс-шара АҚШ-пен бірлесе үйлестірілмек. Сонымен бірге, бейбіт тұрғындардың қоныс аударуы үшін "қауіпсіз аймақтар" құру көзделіп отыр.
Нетаньяху Газа секторында жұмыс істеуге шетелдік журналистерді көбірек кіргізу жоспарын да жариялады. Алайда ол жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ. Бұған дейін Израиль билігі көбіне қауіпсіздік себептерін алға тартып, шетелдік тілшілердің Газадағы жағдайды өздері барып, көз жеткізуіне кедергі жасап келген. Сирек жағдайда ғана Израиль әскерилері қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бақылауымен баспасөз өкілдерінің Газаға барып-қайтуын ұйымдастырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вашингтон Бакумен Әзербайжан және Орталық Азия елдерін Авраам келісіміне қосу мәселесін талқылап жатыр