Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның адвокаты, қызы мен анасының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрап, апелляциялық шағым түсірген.
"Үкімнің күшін жойып, [оларды] қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау туралы өтініш білдіремін", – деген адвокат Асланбек Дәулетияровтың апелляциялық шағымынан жергілікті басылымдар үзінді келтірген.
Шағымды қарау мерзімі әзірге белгісіз. Астана қаласының ауданаралық соты адвокаттан апелляциялық шағым түскенін растады.
"Апелляциялық шағым түскен кезде судья оның дұрыс толтырылуын және берілген мерзімін тексереді. Егер шағым Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сай болса, іс заңда белгіленген мерзімде Астана қалалық сотына жолданады. Іс апелляцияға түсіп, өндіріске қабылданған жағдайда қосымша хабарланады", – деп жазылған хабарламада.
25 шілде күні Астана соты Перизат Қайратқа 10 жыл, оның анасы Ғайни Алашбаеваға – 7 жыл түрме жазасын кескен. Сот ол екеуін қайырымдылық желеуімен жиналған үш жарым миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін айыпты деп таныған.
Тергеу деректері бойынша, қызы мен анасы 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық аясында қаражат жинап, оны негізінен зергерлік бұйымдар мен әшекейлер, жылжымайтын мүліктер сатып алуға, шетелге саяхатқа шығуға жұмсаған. Іс материалдарына сәйкес, Газа секторына көмек ретінде жиналған шамамен 1 миллион доллардың 13,7 мың доллары ғана мақсатты жерге аударылған. Ал қалған ақшаға қымбат автокөліктер мен пәтер сатып алынған.
Қызы да, анасы да өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат айыптауларды "тергеушілердің қиялы" деп атап, жиналған қаражатты Палестина аумағына қолма-қол ақшалай жеткізгенін, себебі банк аударымы әскери қақтығысты қаржыландыру ретінде бағалануы мүмкін деп қауіптенгенін айтқан.