Татарстанның Алабұға қаласындағы "Алабұға" еркін экономикалық аймағында дрон шығарылып жатқанын ресейлік зерттеуші журналистер мен халықаралық басылымдар бұған дейін де жазған.
"Алабұға" политехника институты студенттерді шабуылдаушы дрон құрастыруға ашық шақырып отыр.
Жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атағысы келмеген Қырғызстанның Шу облысының тұрғыны "Алабұға" политехника институтының Telegram-арнасы студенттерге ойын ойнатып, жеңімпаздарды оқуға шақырып жатқанын айтты.
Кейіпкеріміздің 16 жасар қызы әлгіндей жарнамаға сеніп, Ресейге кетіп қалған.
– Былтыр 1 қыркүйектен бастап мұғалімдер балаларға WhatsApp желісіндегі "Алабұға" сайтының сілтемесін жіберіп, "барыңдар, ойнаңдар" деп жатыр. Балалар 1 қыркүйектен бастап ойнай бастайды. Қызым басында қызықпаған. Мұғалімдер айта бергеннен кейін қыста ойнай бастады. "Не ойнап жатырсың?" деп сұрасам, "Ойын арқылы Ресейге оқуға баруға болады" деді.
– Ол қандай ойын?
– Бірінші айналымда 16 кезең болды. Мысық бизнесі арқылы ақшаны жинап, дұрыс үлестіріп ойнайтады. Мысық сатып алып, өсіреді, тамақтандырады және оны қайтадан сатады. Ең бастысы, ақша таусылмауы керек. Әр кезең - жеке бір ойын. Қызым бірінші кезеңінен сүрінбей өткенде оқу орнының өкілдері оған Telegram желісінде жазып, екінші турдың файлын лақтырған. Екінші ойын да мысықтарға ұқсас, бірақ қиынырақ. Одан өткеннен кейін 3-турда "Алабұғаның" өкілдері мамыр айында Қырғызстанға келді. Олар екінші турдан өткен балалардың барлығын жинап, интернет клубқа шақырып, оларды бір-бірімен жарыстырды.
Қырғыз оқушылар ойнаған ойын.
Олар Шуға келгенде әр ауданнан балаларды шақырып, орта мектептің компьютер сыныбына жинап, 20-30 шақты баланы ойнатты. Менің қызым да сол кезеңнен өтті. Бір айға жуық уақыттан кейін олар қызыма "сен өттің" деп жазып, жеке мәліметтерін, жеке куәлігін, шетел паспортын сұрады. Біз оларды жібердік. Олар біздің елді көрсетіп, бізді қырғыз балаларының қатарына қосты, – деді Самира.
"ТЫНБАЙ ТЕЛЕФОН ШАЛЫП, ХАТ ЖАЗА БАСТАДЫ"
"Алабұға политех" колледжі студенттермен Telegram арналары арқылы байланысады. Оқу орны ТМД елдерінен 15 пен 21 жас аралығындағы 9-10-11 сынып түлектерін қабылдайтыны туралы хабарландыру жариялаған. Олар Telegram желісінде әр елдің оқушылары үшін топтар ашып, сол жерде тапсырмалар беріп, балаларға онлайн түрде бағыт сілтеген.
Қырғызстандағы ата-аналар үшін ашылған телеграм-топ
Самираның (есімі өзгертілді) қызы да қырғыз студенттеріне арналған Telegram тобына қосылған. Топта 14 адам бар. Олар оқуға қажетті құжаттар тізімін жариялап, жасөспірімдерді 15 шілдеге дейін Ресейге жіберу керектігін айтты. Самираның қызы университетке қабылданғанына қуанып, құжаттарын жинап жүргенде күмәнді жайттар шыға бастаған.
"15 шілдеге қарай оқу орны өкілі келіп, арнайы келісімге қол қойып, кейін кәмелет жасқа толмаған балаларымызды алып кетеді деп ойлағанмын. Бірақ олай етпеді. Ата-аналар "Балаларды кім алып кетеді?", "Олар қалай жалғыз барады?", "Кім ертіп апарады?" деп жаза бастады. "Ешкім бармайды. Билет сатып әпереміз, балалар өздері ұшады, сол жерден қарсы алып аламыз" деп жауап берді. Бұл сөзден кейін ешкім келмесе, ешкімді көрмесек, ешкіммен танысып-біліспесек, кімге сенеміз деп ойланып қалдым. Одан кейін оқу орны туралы ақпаратты оқып отырып, шошып кеттім. Бірнеше күннен соң оқу орны қайта жазып "балаңызды жібересіз бе?" деп сұрады. Баламды жібермей-ақ қояйын деген ниетпен "Құжаттарды жинай алмай жатырмын" деген сылтау айтып едім, "қай құжатты жасай алмай отырсыздар? Жағдайыңызды ескереміз, қызыңызды алып кете берейік" деді. "Қолда бар құжаттарыңызды әкеле беріңіз, сонымен алып кетеміз деп жабыса бастады. Біз мүлде жауап бермей қойған едік, қоңырау шала бастады", – деді Самира.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Татарстандағы колледж Қазақстан жастарын Ресей армиясына әскери дрон жасауға шақырып жатыр"Алабұға политех" колледжінің жастарды нысанаға дәл тиетін дрон құрастыруға тартып жатқаны туралы ақпарат Қазақстанда да тараған.
Қазақстандағы мектеп оқушылары мен студент жастар арасында таратылған "Алабұға политех" колледжінің жарнама парағында кәсіпорын Қазақстаннан 14 жасқа толған және одан асқан кез-келген жасты жұмысқа қуана-қуана қабылдайтыны жазылған. Жарнамадағы ақпарат жұмыс Ресей армиясына арналған әскери дрондар жасалатын зауыттан ұсынылатыны да көрсетілген.
"Жауды жоятын тегеурінді дрон құрастыру – керемет қой" деп те қосып қойған әлгі жарнамада.
Қазақстан студенттері арасында таратылған "Алабұға" колледжіне шақырған жарнама.
Z және V таңбалары Мәскеу "арнаулы әскери операция" деп атайтын Украинадағы соғысты қолдаудың символы саналады.
"Алабұға" политехника колледжі Татарстанның Алабұға қаласындағы "Алабұға" еркін экономикалық аймағында орналасқан. Бұл оқу орны Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста пайдаланып жүрген дрондар шығаратындықтан, Украина дрондарының шабуылына жиі ұшырайды.
Мысалы, 2024 жылғы 2 сәуірде 17 жастағы қырғыз жігіті дрон шабуылынан зардап шекті. Жергілікті билік дрон "Алабұға" политехника колледжінің жатақханасына түсіп, 12 студент жараланған деп хабарлады. БАҚ-тың жазуынша, украин дроны "Шахед" дрондарын құрастыратын нысанға түскен.
Одан кейінгі шабуыл биыл 23 сәуірде жасалды. Ал 15 маусымда дрон шабуылынан екі адам қаза тауып, 13 адам жараланған. Татарстан басшысы Рустам Минниханов екі адамның қаза болғанын растады.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Алабұғадағы зауытқа шабуыл жасалғанын растап, бұл нысан "Украина аумағына, атап айтқанда энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасауға арналған дрондарды өндіріп, сынақтан өткізу және ұшыру үшін пайдаланылғанын" айтты.
Осыған қарамастан 2025 жылғы 20 маусымда Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі Ресейдің "Алабұға" арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ақпарат министрліктің ресми сайтында қол қоюшылардың фотосуреттерімен бірге жарияланды.
"Меморандум кәсіптік білім беру саласындағы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ "Алабұға" өнеркәсіптік экономикалық аймағына Қырғызстан Республикасы азаматтарын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді көздейді. Ынтымақтастық аясында Білім және ғылым министрлігі Қырғызстан аумағында Alabuga Start бағдарламасын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді", - делінген хабарламада.
Меморандумға 2025 жылдың маусым айында қол қойылғанымен, Алабұға политехника колледжінің өкілдері көктемде Қырғызстанға барып, орта мектептерді аралағаны хабарланды.
"Диана деген жас орыс баласы мен қыз келді. Диана қызыммен Telegram арқылы хабарласып тұратын. "Сен оқуды бастағанда түске дейін оқисың, оқудан кейін түнгі 12-ге дейін жұмыс істейсің" деді. Бірақ ол қандай жұмыс екенін айтпады, студенттердің жалақысы 70 мыңнан асады, бірақ бірінші курс студенттеріне 30 мыңнан жоғары төленетінін айтты", - дейді аты-жөнін айтуды қаламаған ата-аналардың бірі.
Жоғары, орта кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас маманы Динара Бекташева Азаттыққа Алабұға политехника кәсіпорнының өкілдері көктемде Қырғызстанға келіп, орта мектептерді аралағанын растады.
"Алабұғадан өкілдер келіп, мектептерді аралады. Біз оған қатысқан жоқпыз, олар өздері мектептер мен колледждерді аралады, Шу өңірін аралап, көлге барды. Биыл ғана емес, 2023 жылдан бері. Ол кезде өткендер де бар. Қазір онда барлығы 58 бала білім алып жатыр. Олар Алабұға туралы әртүрлі айтады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды.
– Сіз не жөнінде айтып тұрсыз?
"Сол күні министрдің орынбасары "олар дрон жасауы мүмкін екенін журналистер айтты" деді. Ол жақта ондай нәрсе жоқ. 2023 жылы министрлік, лицей, колледж жетекшілері болып барып көріп келгенбіз. Қырғызстан ғана емес, басқа елдерден де барып оқып жатыр. Оқуға қабылдау тұтас онлайн жүргізіледі. Олардың сілтемесі арқылы өтіп, қаржы сауаттылығы, кәсіпкерлік бойынша қандай да ойындар ойнап, ұтса [оқуға] өте береді" деді.
Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрлігінің өкілі "Алабұға полит" оқу орнында дрон құрастыратынын және дрон жасауға оқушыларды қабылдайтынын жасырмайды.
Астанада таратылған парақшада көрсетілген, жастарды әскери дрон жасауға шақыратын байланыс нөмірі мен "Алабұға политех" колледжінің ресми парақшасындағы байланыс нөмірі сәйкес келеді. Азаттық тілшілері Telegram желісіндегі сол нөмірге хат жазып, сұрақтар қойды.
– Сәлем! Дрон құрастыруды үйрену үшін қандай бағытты таңдауым керек?
– Қайырлы күн! Аэронавтика және ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағдарламалау мамандығы бар. Өтініш беруге әлі де кеш емес.
Қырғызстанның Тоқмақ қаласының тұрғыны Қазыбек (аты өзгертілді) "Алабұға политех" колледжі туралы мектептен және сондағы мұғалімдерден естіген. Баласы онлайн ойындардың барлық кезеңінен өтіп, 15 шілде күні Ресейге оқуға аттанған. "Ол жерде дрон жасалып жатқандығынан бейхабар", дейді баланың әкесі.
"Қазір аптасына бір рет куратормен сөйлесіп тұрамын. Балалар қыркүйек айына дейін бос. Мектеп өкілдері Ресейге билет алып берді. Жаңа ғана ол жаққа шығарып салдық. Әлі оқу бағдарламасымен танысқан жоқ. Олар сабақтың 30 пайызы – теория, 70 пайызы практикалық жұмыс болатынын айтты. Олар әскери-патриоттық ойындар өткізеді екен. Қауіпсіздік бойынша келісімдерге қол қойғызған. Тіпті "пейнтболда жарақат алса да, қарсы емеспіз" деген қағазға қол қойдыртты. Мен де қол қойдым", – деді Қазыбек.
"Алабұға политех" колледжінің ресми сайтында пейнтбол ойынының видеосы жарияланған. Онда "жаудың туы" деп жазылған жалауда НАТО символы бейнеленген.
Ресейлік зерттеуші журналистер студенттердің пейнтбол ойындары кезінде түрлі жарақат алғанын жазды.
"Ата-аналардың мұндай құжаттарға қол қоюы – өте қауіпті нәрсе. Шынымды айтсам, кейбір ата-ана не нәрсеге қол қойғанын білмейді, түсінбейді. Ата-ана ғана емес, мұғалімдер де. Сондықтан, бірінші кезекте, біздің Білім министрлігі қол қойған меморандум негізінде балаларды шынымен де осыған тартып жатқан болса, оны анықтау керек. Министрлік оларға не үшін қол қойдырып жатқандығын түсіндіруі керек. Жас балаларды, мектеп оқушыларын саяси ойындарға тарту өте қауіпті", – деді білім саласының сарапшысы Мырза Кәрімов.
Қазыбектің ұлымен бірге тағы бірнеше студент Ресейге "Алабұға политех" колледжіне оқуға кеткен.
"15 шілдеде кететін 11 адам болды. Менің білуімше, оның 8-і кетіп қалды. Баламмен сөйлескенімде ол "сегіз адам ұшты" деп айтты. 25 шілдеде 21 бала кеткенін естідім. Менің балам да соны айтып жатыр. Қырғызстан мен Өзбекстаннан барлығы 21 бала келді дейді", – деді Қазыбек.
Білім саласының сарапшысы Мырза Кәрімов кәмелетке толмағандарды ата-анасы мен мұғалімінсіз шетелге жіберу дұрыс емес деп санайды.
"Егер біздің Білім министрлігі келісімге қол қойған болса, министрліктен біреу топты жинап, сол жаққа бастап баруы керек. Өйткені балалар әлі 18-ге толмаған. Оларды жай ғана жіберіп, сол жерден күтіп алады деу дұрыс емес. Мектеп жасындағы балалар түрлі халықаралық олимпиадаларға, басқа да спорттық ойындарға қатысқанда міндетті түрде олармен бірге өкіл барады", – дейді сарапшы.
Жасөспірім қызын "Алабұға политех" колледжіне беріп жатқан тағы бір кейіпкеріміз баласын мектептегі мұғалімдерге сеніп тапсырғанын айтты.
"Қызым әлі кеткен жоқ. Енді кетеді. Барғандармен сөйлесіп, ақпарат алып жатырмыз. Құрбылары да өтініш берді. Оқуға түсу қиын болған жоқ. Қызым өзі кіріп, ойнап, өтті. Оқу орны туралы мектептен естідік. Бізге мұғалімдердің балалары кетіп жатқанын айтты", – деді аты-жөнін атағысы келмеген тағы бір ата-ана.
Тоқмақ қаласындағы №5 мектептің директоры Мирлан Тоқтабеков 2025 жылдың сәуір айында "Алабұға политех" колледжінен үш өкіл келіп, қала мектептерінен оқушыларды бір ғимаратқа жинап, жиналыс ұйымдастырғанын растады.
"Олар бізге жоғарыдан бұйрықпен келді. Сол бұйрықтың негізінде оқу орнына қабылданып, тестілеуден өтті. Біздің мектеп негізгі мектеп болғандықтан, кездесулер осында ұйымдастырылды. Олар "Кәсіпкер мысықтар" ойынын ойнатып, бірінші кезеңнен өткендерді іріктеп алды. Біздің мектептен екі оқушы қатысты. Біреуі оқу орны талап ететін деңгейге жетпеді, екіншісі құжаттарын жинап, оқуға түсіп жатыр", – деді ол.
Кездесулердің бірінде таратылған буклеттерде "Алабұға политех" оқу орнындағы негізгі бағыттар көрсетілген. Олардың арасында дрон жайлы оқытуға арналған арнайы бағыт бар.
Былтыр қыркүйек басында Украина Ресейдің әскери нысандарының тізімін анықтаған. Бұл тізімге дрон құрастыратын зауыттар да енгізілді. Сарапшылар дрон шығаратын "Алабұға" еркін экономикалық аймағын Украина әскери нысан ретінде қарастыратынын ескерткенін еске салады.